Қазақстанда ең тәртіпті жүргізушілер марапатталды
Қазақстанның алты қаласында бір жыл бойы жол ережесін бірде-бір рет бұзбаған жүргізушілерге алғыс білдірілді. Жолда жауапкершілікпен қозғалып, ережені бұлжытпай сақтаған азаматтарға бір жылдық КАСКО сақтандыру полисі табысталды.
«Биыл елімізде ҚР Ішкі істер министрінің бастамасымен құқықбұзушылықтың алдын алу жылы деп жарияланды. Ал бұл бірлескен акция – көлік тізгінінде күн сайын жауапкершілік танытып жүрген азаматтарға қолдау көрсетуге керемет мүмкіндік. Мұндай бастамалар қоғам мен мемлекет арасындағы сенімді нығайтып қана қоймай, саналы мінез-құлық пен өзара құрметке негізделген жаңа жол мәдениетін қалыптастыруға жол ашады. Игі идеяны іске асыруға атсалысқан серіктестерімізге алғысымызды білдіреміз. Мұндай жобалар дәстүрге айналады деп сенеміз. Себебі профилактика дегеніміз – тек бақылау емес, сонымен қатар қолдау», – деді ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ресми өкілі Ақтоты Боранова.
Акцияны ұйымдастырушы – жолдағы мәдениетті көтеруді мақсат еткен Sergek Group компаниясы.
«Бастапқы мақсатымыз қарапайым еді: жолдағы жауапкершілікті бағалауды көрсету. Бұл акция – жай ғана алғыс айту емес, жаңа көзқарастың басы болды. Қауіпсіз жүргізу – бұл енді ерекшелік емес, күнделікті норма болуы керек. Бастамамызды ҚР ІІМ және Freedom Insurance қолдағанына қуаныштымыз. Бұл акция профилактиканың тек айыппұл емес ынталандыру екенін де көрсетті. Себебі күн сайын мыңдаған жүргізуші қауіпсіздікті саналы түрде таңдайды. Ал бұл таңдау – құрметке лайық», – деді Sergek Group бас директоры Евгений Ким.
«Алғашқы осындай акцияны біз Астанада өткіздік. Сонда байқағанымыз – тәртіпті жүргізушілерге қолдау қажет. Олардың оң көзқарасы бізге жобаны жалғастыруға күш берді. Сол себепті бұл бастаманы Семей, Атырау, Тараз, Алматы және Шымкент қалаларында да іске асыру жөнінде шешім қабылдадық. Компания тарапынан біз мұндай азаматтарға КАСКО полисін тарту етуді жөн көрдік. Бұл полис көлікті тек жол-көлік оқиғасынан ғана емес, табиғи апаттардан, белгісіз адамның зиян келтіруінен, мұз ойылып кетуі сынды басқа да жағдайлардан қорғайды. Яғни КАСКО – автокөлік иесінің ақшасын ғана емес, жүйкесін де сақтап қалатын құрал. Бастама арқылы көптеген жүргізуші жолдағы жауапкершілік пен ұқыптылықтың қаншалықты маңызды екенін түсінді деп ойлаймын. Бұл бастама алдағы уақытта қауіпсіз жүргізуге деген ынтаны арттыра түседі деген сенімдемін», – деді Freedom Insurance басқарма төрағасы Азамат Керімбаев.
Айта кетейік, тәртіпті жүргізушілерді ынталандыру жүйесі әлемнің бірқатар елінде де сәтті қолданылады. Мысалы, Германияда сақтандыру төлеміне жеңілдіктер қарастырылса, Сингапур мен Канадада жол ережесін сақтаған жүргізушілер үшін арнайы марапаттау бағдарламалары бар.
Похожие новости
Барлық жаңалықтарды оқуМақала
Толығырақ оқу