Sergek AI платформасы Индонезияда сәйкестік сертификатын алды
Қазақстандық IT-компания өзінің трафик пен мобильділік бойынша жұмыс істейтін бағдарламасына ITS Indonesia ұйымынан VV&E (Verification, Validation & Evaluation) сәйкестік сертификатын алды. Бұл құжат сергектік платформаның функциялары мен мүмкіндіктері Индонезияның мемлекеттік стандарттарына сәйкес келетіндігін растайды.
Sergek Group жаһандық нарықтар жөніндегі директоры Алена Ткаченконың айтуынша, бұл сертификатты алу – Индонезияда көліктік ұтқырлықты дамыту жолында пайдаланылуы мүмкін қазақстандық шешімдердің сәйкестігін растайды.
Сонымен қатар, Sergek Group компаниясы мен Индонезияның болашақ астанасы – салынып жатқан Нусантара қаласының әкімшілігі арасындағы үш айлық пилоттық жоба аяқталды. Осы уақыт ішінде AI платформасы алға қойылған міндеттерді шешіп, көлік саласындағы қазақстандық интеллектуалды шешімдердің халықаралық нарықта сәтті жүзеге аса алатынын дәлелдеді.
Sergek компаниясының жасанды интеллект платформасының аясында интеллектуалды көлік талдауына, мониторинг пен болжамға, сондай-ақ экология мен жол қауіпсіздігіне жауап беретін модульдер іске асырылды. Пилоттық жоба барысында қазақстандық мамандар қомақты деректерге талдау жасап, оның негізінде көлік ағындарының сипаты, ең жоғарғы трафик кезеңдері мен шамадан тыс жүктелген маршруттар туралы нақты мәліметтер берді. Бұл ақпарат индонезиялық серіктестердің екі маңызды көлік мәселесін шеше алады. Олардың бірі қоғамдық көлікті дамытуды көздейтін болса, екіншісі электромобильдерге көшу жайлы мәселені қозғайды.
Нусантара қалалық әкімшілігінің экологиялық және цифрлық трансформация жөніндегі орынбасары профессор Мохаммед Али Беравидің айтуы бойынша, болашақ астананы жасыл және экологиялық тұрақты қалаға айналдыру ниетін ескере отырып, Sergek AI платформасы көліктік шығарындыларды модельдеп, big data сараптамасы арқылы ластану нүктелерін анықтай алады дейді.
"Бұл мүмкіндіктер қолданыстағы ATCS және APILL бағдаршам жүйелерімен бірлесе жұмыс атқара алады. Осы секілді интеграция 2045 жылға қарай нөлдік шығарындыларға қол жеткіземіз деген Нусантараның тұрақты даму мақсаттарына сәйкес келеді. Бұл бағдарламалар сенімді цифрлық экожүйені қамтамасыз етеді",- деп бөлісті Мохаммед Али Берави.
"Қазақстан астананы көшіру тәжірибесі бар ел болғандықтан, біз мұның Индонезия үшін қаншалықты маңызды шешім екенін түсінеміз. Біздің пилоттық жобамыз шын мәнінде серіктестік қағидаттарына және Нусантараның мақсаты мен міндеттерін терең түсінуге негізделген жоба болып табылады. Біз "пилоттың" жалғасын асыға күтеміз",- деді Алена Ткаченко, Sergek Group жаһандық нарықтар жөніндегі директоры.
Айта кетерлік, қазіргі уақытта Қазақстан БҰҰ деректеріне сәйкес электрондық үкіметті дамыту рейтингінде 28-ші және онлайн-қызметтер бойынша 8-ші орында. Енді Индонезиядағы Sergek AI платформасының сертификатын осы жетістіктер қатарына қосуға болады. Бұл елімізді әлем бойынша цифрлық әлеуетті дамытуды көздеген мемлекеттер үшін беделді серіктес ретінде көрсетеді.
Похожие новости
Барлық жаңалықтарды оқуЖаңалықтар табылмады
Бұл орын әзірге бос, бірақ жақын арада компаниямыздың өміріне қатысты соңғы жаңалықтармен міндетті түрде бөлісетін боламыз. Хабарда болыңыз!