Су тасқынынан зардап шеккен өңірлерде тұрғын үй құрылысының барысын Sergek арқылы бақылауға болады
ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің бастамасы бойынша ЦДИАӨМ, Sergek Group, «ҰАТ» АҚ және әкімдіктермен бірлесіп, су тасқынынан зардап шеккендер үшін жаңа тұрғын үйлер салу орындарында бейнекамералар орнатып, бейне ағындарын Sergek VMS кешенді бейнебақылау жүйесіне біріктіру жұмыстарын жүргізді.
«Біз бұған дейін gov.kz платформасында су тасқынына қарсы іс-шаралар өткізілетін орындардан трансляция шығардық. VMS кешенді жүйесінің көмегімен қазақстандықтар зардап шеккендер үшін салынып жатқан тұрғын үй құрылысының барысын бақылай алады. Қазақстандықтардың өмірін жақсарту, олардың қауіпсіздігі мен ақпараттандырылуы үшін әзірлеген технологияларды қолдану - біздің әлеуметтік жауапкершілігіміз. Біз ел үшін қиын уақытта пайдалы болғанымызға қуаныштымыз. Біздің қызметкерлер өз құзыреті шегінде қажетті көмек көрсету үшін ТЖ жедел штабтарында және су басқан елді мекендерде еңбек етуде», - деп Sergek Group бас директоры Асет Ахметов бөлісті.
Қазіргі уақытта Қазақстанның алты облысындағы (Ақмола, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Атырау облыстары) құрылыс алаңдарына 55 бейнекамера орнатылды. Олардың онлайн трансляциясы gov.kz сайтында тәулік бойы қолжетімді.
«Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі су тасқынынан зардап шеккен елді мекендерде тұрғын үйді қалпына келтіру жұмыстарын бақылау және үйлестіру үшін ахуалдық орталық құрды. Бүгінгі таңда ахуалдық орталық залалды өтеу туралы барлық өтініштермен жұмыс істеп, әр ауылда, аудан орталығында және қалаларда құрылыс барысын қатаң бақылауда ұстайды. Министрлік қызметкерлері өңірлерге барып, құрылыс орындарын тексерумен қатар, жергілікті жерлерде мәселелерді шешіп, жұмыс барысын қадағалау үстінде. Онлайн бейнемониторинг құрылыс пен жөндеу жұмыстарын жедел тәртіппен бақылауға және мерзімнен артта қалған жағдайда тезірек әрекет етуге мүмкіндік береді. Ашық жұмыс форматы біз үшін маңызды, біз тұрғындарымызды тұрғын үйді қалпына келтіру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстары туралы хабардар еткіміз келеді», - деп түсіндірді Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Жаннат Дубирова.
Естеріңізге сала кетейік, Sergek Video Management System (Sergek VMS) – бұл қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге немесе бизнесті оңтайландыруға арналған аналитикалық құралдары бар кешенді бейнебақылау жүйесі. Ол қаланың көшелері мен аулаларында, қоғамдық орындарда, білім беру мекемелерінде, өнеркәсіптік нысандарда, сондай-ақ әуежайларда, вокзалдарда және басқа да стратегиялық нысандарда қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған. Sergek VMS көмегімен уәкілетті қызметкерлер әртүрлі жағдайларды қадағалап, уақтылы әрекет ете алады.
Қатысты жаңалықтар
Барлық жаңалықтарды оқуЖаңалықтар табылмады
Бұл орын әзірге бос, бірақ жақын арада компаниямыздың өміріне қатысты соңғы жаңалықтармен міндетті түрде бөлісетін боламыз. Хабарда болыңыз!