Sergek Group компаниялар тобының ресми мәлімдемесі

image
Шығарылған күні

2025-01-10

Санаттар
Бастапқы сілтеме

-

Құрметті серіктестер мен БАҚ өкілдері!

Компаниямыз бен Шығыс Қазақстан облысындағы «Sergek» жобасы туралы көптеген жарияланымдар мен жалған ақпараттың таралуына байланысты, жағдайды ресми түрде түсіндіріп, нақты деректермен бөлісу қажет деп санаймыз.

ШҚО-да не болып жатыр?

Кіріспе

2018 жылдың тамыз айында «Шығыс Қазақстан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы» ММ, «ШҚО Полиция департаменті» ММ, «Ақпараттық технологиялар орталығы» КММ және «Көркем Телеком» ЖШС (Sergek Group құрамына кіреді) арасында мерзімі 5,5 жылдық «Өскемендегі қоғамдық және жол қауіпсіздігі жүйесін құру» жобасын іске асыру бойынша мемлекеттік-жекешелік әріптестік (МЖӘ) шарты жасалды.

Жүйе 1 700 қоғамдық қауіпсіздік камералары мен 1 228 жол қауіпсіздігі камераларын қамтыды. Бұдан бөлек, жобаға деректер орталығы мен басқару жүйесіне арналған серверлік және желілік (коммутациялық) жабдық, мамандандырылған бағдарламалық қамтамасыз етуді (БҚ) пайдалану құқығы, экометеодатчиктер еніп, террористік тұрғыдан осал объектілердің жүйесіне қосымша 1 000 камера интеграцияланып орнатылды.

Жоба қалада қауіпсіздік пен жайлылық деңгейін арттыру бойынша тапсырмаларды сәтті орындады. 2018 жылдан бастап 2023 жылдың соңына қарай жол-көлік оқиға (ЖКО) саны 58%-ға, ЖКО-дағы өлім-жітім 12,5%-ға, жараланғандар саны 56,8%-ға, ал қоғамдық орындардағы қылмыс 70%-ға төмендеді. Жалпы, «Ақпараттық технологиялар орталығы» КММ деректеріне сәйкес, жоба іске қосылған сәттен бастап (2019 ж.) 2023 жылдың соңына дейін 500-ден астам қылмыстық және 34 мың әкімшілік құқық бұзушылық анықталған.

Шарттың аяқталуы және ағымдағы жағдай

Шарттың қолданылу мерзімі 2024 жылдың 26 сәуірінде аяқталды. Жүйенің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету үшін 2 айға қысқа мерзімді келісім жасалды (2024 жылдың 30 маусымына дейін). Біздікі секілді қалалық қауіпсіздік жүйелері ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның аса маңызды объектілеріне (АКИАМО) жататынын және оларға әртүрлі уәкілетті органдар, соның ішінде ҚР ҰҚК жетекшілік ететінін атап өткен жөн. Мұндай жүйелерге қызмет көрсету үшін қолданыстағы шарттар немесе келісімшарттар болуы қажет. Өңірде шарт аяқталғанға дейін біз мемлекеттік әріптестерімізге негіздің жоқтығынан жүйеге қызмет көрсетуді тоқтатуға мәжбүр болатынымыз туралы және шаралар қабылдау қажеттілігі жайлы бірнеше рет хабарладық.

Сонымен қатар, 2024 жылдың 4 сәуірінде «ШҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы» ММ Өскемен, Риддер, Алтай қалаларында қоғамдық және жол қауіпсіздігі жүйесін кеңейту және жаңарту бойынша мемлекеттік қызметтерді сатып алуға жабық конкурс жариялады. Мұндай жүйелерді жобалауда, орнатуда және техникалық қызмет көрсетуде үлкен тәжірибесі бар қауіпсіздік жүйелерін жасаушылар ретінде біз қатысуға өтініш бердік. Дегенмен, біздің сарапшылар конкурстық құжаттаманы зерделеу кезеңінде техникалық сипаттамада және мемлекеттік сатып алу туралы заңнамада біліктілік талаптары тұрғысынан бұзушылықтарды анықтады, бұл біздің ойымызша, әлеуетті жеткізушілердің санын шектеді. Сатып алуды ұйымдастырушылар бұзушылықтар туралы ескертулер мен шағымдарды елемеді, ал конкурс болса мұндай жобаларды іске асыруда тәжірибесі жоқ «Satory Company LTD» ЖШС пайдасына аяқталды. Кейінгі аудит нәтижелеріне сәйкес, «Satory Company LTD» және «RGM Global Group»-қа конкурсқа қатысу жөнінде берілген рұқсаттарда бұзушылықтар анықталған. Ішкі мемлекеттік аудит комитеті (ҚР ҚМ ІМАК) мен Ішкі мемлекеттік аудит департаменті (ІМАД), сондай-ақ ҚР Қаржы министрлігі жанындағы Апелляциялық комиссия секілді уәкілетті органдар екі компанияның да конкурсқа жіберілгенінің және «Satory Company LTD» ЖШС мемлекеттік сатып алудың жеңімпазы деп танылғанының заңсыз екендігін растады.

Қазіргі уақытта «Көркем Телеком» ЖШС конкурстық құжаттаманы жарамсыз деп тануға және конкурс нәтижелерінің күшін жоюға қол жеткізбекші. Сонымен қатар, сот тыңдауларының нәтижесінде бізге белгілі болғаны: Ішкі мемлекеттік аудит департаменті «ШҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы» ММ тарапынан конкурстық рәсімдердің бұзылуы, «Satory Company LTD» ЖШС оларға сәйкес келмеуіне байланысты «Satory Company LTD» компаниясымен жасалған мемлекеттік сатып алу шартын жарамсыз деп тану туралы талап қоюын жолдаған.

Таратылып жатқан ақпарат және шынайы жағдай

Сонымен, бүгінде Өскемендегі жобаның айналасында қоғамдық кеңістікте таралып жатқан кейбір тұжырымдарды қарастырайық.

Мәселен, БАҚ-тағы бірқатар жарияланымдарда «Sergek жүйесінің рұқсаттарын, логиндер мен құпиясөздерін «Көркем Телеком» ЖШС бермеді, ал камералар бағдарламалық қамтамасыз етусіз (БҚ) боп-бос болып қалған» деп мәлімденеді. Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды – жоба аяқталғаннан кейін жүйенің барлық компоненттері, соның ішінде жабдықтары, логиндер мен кіру парольдері мемлекеттік серіктеске берілген. Шарт аяқталған соң жүйе толығымен жұмыс күйінде қалды. Ал шарттың талаптарына сәйкес, мемлекеттік серіктес барлық салынған жүйенің иесі болып табылады және сонымен бірге оның құрамындағы бағдарламалық жасақтаманы пайдалануға барлық құқықтарға ие.

«Жүйе ескірген және қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейді» деген пікірлер де жалған. ШҚО-дағы МЖӘ шарты Өскеменде болуы тиіс қауіпсіздік жүйесінің функционалдылығын нақты регламенттеді, алайда оған қарамастан біз әрқашан жаңа әзірлемелер аясында жүйелерімізді жетілдіріп келдік. ШҚО-дағы жүйе елордалық жүйеден де, біздің жобаларымыз бар басқа қалалардың жүйелерінен де кем болмады. Мәселен, шарт талаптарында көрсетілмеген «Sergek Qorgau» атты мобильді қосымшамызды полицейлер кеңінен пайдаланды.

Бес жыл ішінде біз технологияларымызды үнемі жетілдіріп, дамытып келдік. Бүгінгі таңда біздің экожүйеміздің өнімдері заң бұзушы көліктің нөмірлерін (МТНБ) ғана емес, сонымен қатар оның маркасын, шанағының түсін де таниды. Жасанды интеллект (ЖИ) және компьютерлік көру арқылы біз жаяу жүргіншіні жібермеу және бос емес қиылысқа шығу сияқты бұзушылықтарды тани аламыз. Сондай-ақ, технологияларымыз бұзушылықтарды күндіз де, түнде де жоғары дәлдікпен тіркеуге мүмкіндік береді, оның мысалы – бекітілмеген қауіпсіздік белдіктерін тану. Сонымен қатар, біздің жол қауіпсіздігі жүйесі жылдамдықты оптикалық және радарлық әдіспен тани алады, оған қоса орташа жылдамдықты есептей алады.

«Sergek VMS» қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған аналитикалық құралдарымен біздің кешенді бейнебақылау жүйеміз қоғамдық қауіпсіздік камераларымен жұмыс істеуді қамтиды және қауіпті заттарды тануға, түтінді, адамдар шоғырлануын, тыйым салынған аймақтарға енуді және т. б. анықтауға мүмкіндік беретін аналитикаға ие.

Сонымен қатар, біз «байланыс арналарына қолжетімділік қалдырмадық» деген мәлімдеме де фактілердің бұрмалануы болып табылады, себебі МЖӘ шартының талаптарына сәйкес, байланыс арналары жүйенің жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін талап етіледі, ілеспе операциялық қызметтерді құрады және шарттың қолданылу мерзімі өткеннен кейін мемлекеттік серіктестің меншігіне берілуге жатпайтынын ескертеміз. Демек, мемлекеттік серіктестіктің кез келген телекоммуникациялық қызмет провайдерімен «Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сәйкес шарт жасасу мүмкінді бар. Бұл нарық бәсекелес болып табылады. Байланыс арналарын жеткізу бойынша шарттарды қайта жасасу қажеттілігі туралы мемлекеттік серіктес біздің тарапымыздан хат арқылы хабарланды.

Қорытынды

Біздің мамандарымыз жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін жоғары деңгейлі технологияларды әзірлейді. Біз әрқашан әлемдік үрдістерге ілесіп келеміз және smart city, яғни ақылды қалаларға арналған қауіпсіздік, көлік пен экология бағытындағы технологияларды әзірлеу саласындағы қазақстандық жетекші компания болып табыламыз.

Біз азаматтардың ақпараттық қауіпсіздігін және еліміздің IT-егемендігін қолдаймыз, сондықтан бағдарламаларымыздың бастапқы кодтарын уәкілетті органмен бөлісу және сыртқы араласусыз ашық жұмыс істеу арқылы мемлекеттік инфрақұрылымның маңызды объектілерін қауіпсіздендіруге тырысамыз. Біздің әзірлемелерімізде ақпараттық қауіпсіздіктің әмбебап стандарттары қолданылады. «Sergek» қоғамдық және жол қауіпсіздігінің зияткерлік жүйесі Қазақстан заңдарына сәйкес тексеруден және сертификаттаудан өткен, оған қоса сенімнің ең жоғары, бесінші, бағалау деңгейімен ҚР Сенімді бағдарламалық қамтамасыз ету өнімдерінің тізіліміне кіреді. Біздің негізгі мақсатымыз: қазақстандықтардың өмір сүру сапасы мен жайлылығын жақсарту, Қазақстанның IT-саласын дамыту және елімізге қолдау мен заманауи технологиялық шешімдер қажет болған сәттерде компанияның әлеуметтік жауапкершілігін көрсету болып табылады.

Компаниямыз барынша ашық жұмыс істейді. Біз заңды салада бизнес жүргіземіз және қажет болған жағдайда даулы мәселелерді заң жүзінде реттеуге және сотта өз құқықтарымызды қорғауға дайынбыз.

Біз мұндай жағдайлар объективті және екі жақты қамтылады деп үміттенеміз. Біз БАҚ өкілдерімен ынтымақтастыққа және қысқа мерзімде компаниялар тобының қызметі туралы сенімді ақпарат беруге дайынбыз.

Sergek Group



Қатысты жаңалықтар

Барлық жаңалықтарды оқу
icon

Жаңалықтар табылмады

Бұл орын әзірге бос, бірақ жақын арада компаниямыздың өміріне қатысты соңғы жаңалықтармен міндетті түрде бөлісетін боламыз. Хабарда болыңыз!