ҮАААЖ-ға екі жыл: Алматыдан шығатын жолдардағы жағдай қалай өзгерді

Үлкен Алматы айналма автомобиль жолы (ҮАААЖ) 2023 жылдың маусымында іске қосылған еді. Бұл жоба көлік ағынын азайту, мегаполистегі ауа сапасын жақсарту және кептелістерді төмендету сияқты мәселелерді шешуі тиіс болатын.
Sergek ITS мамандары талдау жүргізіп, 2023 жылы ҮАААЖ іске қосылған сәтте Құлжа және Ташкент тас жолдарындағы көлік ағыны орта есеппен 30%-ға төмендегенін анықтады. Мысалы, Үлкен Алматы айналма жолы енгізілгенге дейін, 2023 жылдың 1–15 маусым аралығында Құлжа тас жолы арқылы қаладан 74 мыңнан астам көлік шыққан болса, жол іске қосылғаннан кейін, яғни 16–31 шілде аралығында бұл көрсеткіш 48 мыңға дейін төмендеген.
Осындай жағдай Ташкент тас жолында да байқалды. 2023 жылдың маусым айының басында бұл бағытпен 172 мыңнан астам көлік өтсе, ҮАААЖ іске қосылған шілде айында бұл көрсеткіш 116 мыңға дейін қысқарған.
Мамандар бұл жағдайды жаңа жолдың транзиттік көліктерге қаланы айналып өтіп, жоғары жылдамдықпен және сапалы жол жабынымен қозғалу мүмкіндігін беруімен байланыстырады.
Алайда, 2025 жылдың көктемінде осы жолдарда трафик 40%-ға артқаны байқалады. Бұл — ҮАААЖ алғаш іске қосылған кездегімен салыстырғандағы көрсеткіш.
Осылайша, Sergek Group компаниясының мәліметінше, ҮАААЖ қысқа мерзімде кептеліс мәселесін айтарлықтай жеңілдеткен. Алайда көліктер санының жылдам өсуі мен қала халқының көбеюі трафик пен кептелісті азайту қажеттілігін қайтадан күн тәртібіне шығаруда.