Наурыз мейрамы қарсаңында Sergek ITS сарапшылары Астана мен Алматы жолдарындағы көлік жүктемесін талдап, өткен жылдағы мәліметтер негізінде биылғы ықтимал жағдайға болжам жасады. Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, екі қалада да көлік қозғалысы 20 наурыз күні айтарлықтай артады.
Өткен жылы 20 наурызда Астанада таңғы қарбалас уақытта жолдағы қозғалыс жылдамдығы әдеттегі жұмыс күнімен салыстырғанда біршама төмендеген. Атап айтқанда, Бөгенбай батыр даңғылында екі бағытта да жылдамдық 5-11%-ға, Тілендиев көшесінің батыс бағытында 6-12%-ға, ал Тұран даңғылының солтүстік бағыты бойынша 13%-ға дейін азайды.
Кешкі қарбалас кезде Қабанбай батыр даңғылының оңтүстік бағытында жылдамдық 12-15%-ға дейін төмендеген. Сондай-ақ, Қорғалжын тас жолының батыс бағытында сағат 13:00-ден бастап түнге дейінгі аралықта қозғалыс жылдамдығы 10-15%-ға азайды.
Сонымен қатар, сағат 15:00-ден кейін Тұран даңғылының солтүстік бағыты мен Абылай хан даңғылының батыс бағытында жылдамдық 5-6%-ға төмендеген.
Алматыда дәл осы күні, яғни 2024 жылғы 20 наурызда, қала көшелерінің басым бөлігінде трафик 19-36%-ға дейін артты. Әсіресе, бұл өсім ВОАД-тың (солтүстік бағыт) және Әл-Фараби даңғылының (шығыс бағыт) бойында қатты байқалды. Мәселен, ВОАД-та көлік ағыны 36%-ға, ал Әл-Фараби даңғылында 31%-ға артты.
Дегенмен, пик сағаттарында орташа жылдамдық өзгеріссіз қалған, себебі жүктеме күн бойына біркелкі таралған.
Бұл қозғалыстың артуына не себеп? Аналитикалық деректерге сүйенсек, Астана мен Алматы тұрғындарының мереке қарсаңында қала сыртына шығуы – басты факторлардың бірі. Наурыздың ұзақ тойлануы адамдарға демалыстарын қала сыртында өткізуге мүмкіндік береді.
Наурыз мейрамы күндері, әсіресе Астанада, жолдардағы көлік саны әдеттегі демалыс күндерімен салыстырғанда азаяды. Дегенмен, кешкі уақытта трафик қайта өсіп, жылдамдық 6–8%-ға төмендеуі мүмкін.
2025 жылы да осы үрдіс қайталануы мүмкін, сондықтан тұрғындарға пик сағаттарында жолға шықпауға тарысып, жол бағытын алдын ала жоспарлап қосымша 15–20% уақыт қарастыру, мерекелік іс-шараларға жаяу баруға тырысып, қоғамдық көлікті жиі пайдалану ұсынылады.